ОБЪЕКТ ТУРАЛЫ АҚПАРАТ
Көтібар мұнарасы - XIX ғасыр.
Мұнара жоспары дөңгелек, конус пішінді, балшықпен қам кірпіштен қаланған ғимарат. Кіретін есігі оңтүстік-шығысқа қарайды. Мұнара іргетассыз – тегіс беткейге, өлшемі 10x17x27 см қам кірпіштерден салынған. Қаланған қабырғаның қалыңдығы – 1,04 м.
Мұнараның төбесі сүйірлене бітеді, ортасы ойық. Кіретін ойығы биіктігі 1,5 м жебе пішінді.
Ғимараттың ішкі ұңғысында жоғарыға көтерілуге арналған төрт қабат бар, олар ағаш төсемдермен жабылған.
Өлшемдері: табанындағы диаметр 4,1 м; биіктігі – 10,0 м, Мұнара кесененің құрылысынан кейін салынған (1869 ж.).
Тарихи деректер:
Көтібар Бәсеңдіұлы (туған жылы белгісіз – 1833 ж. қайтыс болды) Шекті руынан шыққан, Сырым Датұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс батырларының бірі. Көтібар батыр басқарған қазақ көтерілісшілері патша әскерінің Жайық бекіністеріне жойқын шабуылдар жасаған.
Көтібар батыр туралы ел арасында көптеген аңыз-әңгімелер бар.
Көтібар батырдың өлімінен кейін халықтық қозғалыстарды оның ұлдары Есет және Дәрібай басқарған.
Ел ақсақалдарының айтуынша, мұнара Көтібар батырдың зиратының үстінен өлгеннен кейін 30 жыл салып тұрғызылған.
Сыр өңірін Қоқан басқыншыларынан азат етуші әйгілі жүзбасы Көтібар Итаяқұлы 18-ші ғасырда Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылы төңірегінде дүниеге келген (бұрынғы атауы Перовск уезі, Царская болысының жетінші ауылы). Кіші жүздің Жаппас руынан, оның ішінде Мойнақтың Құрымшы аталығынан тарайды. Оның әкесінің игі істері ауыздан ауызға тараған. Әкесі Итаяқ дәулетті кісі болған. Қазақ жеріне орналаса бастаған орыстар үшін «дипломды гидротехниктер» – мұрабтар сыйлы мамандық болған.
Қызылорда қаласының орталығында Көтібар Итаяқовтың тапсыруымен қазылған «Сарқырама» арнасының қалдықтары қалған. Ел ішінде «Арық ақсақал» атанған. Оның үстіне Көтібар Қоқан хандығы бектерінің Сыр бойы халқына жүргізген озбыр саясатына қарсы тұрған адам. Қоқан хандығы бектерінің Сыр бойын жаулап алу саясатына қарсы тұрып, орыс әскерінің қолбасшылары Перовский мен Колпаковскийге қолғабыс тигізген. Оның көрсеткен ерлігі, үлкен жәрдемі үшін «Орыс–қырғыз әскері офицері» деген атағы берілген.
20-шы ғасырдағы қуғын сүргін жағдайына тек қана Көтібар ғана емес, оның әулеті түгел іліккен еді. 1937-1938 жылдары Итаяқ әулетінің ұлдары Әлмағамбет, Пірмағамбет, Жанғабыл, Ибраhимдерге заңсыз жала жабылып, сот үкімінен кейін үшеуін НКВД атып тастайды. Пірмағанбетов Ибраhим Ташкенттегі САГУ-дің жұмысшы факультетінде оқу ісінің меңгерушісі болып істеп, 1930-1940 жылдар аралығында Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Ғабит Мүсіреповтың іс жүргізушісі болып та қызмет еткен. Ол жайлы Қ.Жұмағалиевтің «Жайсаң жандар» атты естелігінде айтылған. Бұлардың ішінде дәм-тұзы таусылмай, елге оралғаны Көтібардың ең кенжесі Жанғабыл Көтібаров болды. Көтібар ұрпақтары бүгінде Алматы, Қызылорда, Қостанай өңірлерінде тұрады. Омар, Әлмұхамед, Пірмағанбет, Нұрекеш пен Нәрекеш ұрпақтары бар. Алғашқы әскери қазақ дәрігері Әли Көтібаровтың атында Қызылордада көше бар.